Өтірік
Мен өтірік айтуды үйрендім. Мырс етіп күлкіңіз келсе, сіздікі әбден дұрыс. Өйткені, ешқандай да періште емеспін. Иә, бұрындары да талай өтіріктерді айтқанмын. Бірақ, соның қайсыбірін жүрегіме ауыр алып, «осыным күнә болды-ау, осыным дұрыс болмады-ау» деп қайғырып отырған сәтім есімде жоқ, яғни санақ жүргізбеппін. Әрине, өтірігін санап, сызып қойып жүргендер бар болса кешірім өтінем.
Өмір бізге бейпіл берілгендей уақытты ысырап еткішпіз. Шындықтың сыңары өтірік те кейде аңғал, мәрт, құтқарғыш роліне еніп кететіні бар. Өне бойы шыңғырып тұрған шындықпен өмір сүрер болсақ, қазіргі маска киіп алған кейпімізден дым да қалмас еді.
Өзгелер тұрмақ өзіңнен жасыратын шын кейпіңді өтірікпен жамап-жасқап, өтірік күліп, өтірік қайғырғансып жүруге мәжбүр болатын кездерден жүрек айныса да, Хақтың шарапатынан үміт үзбейміз.
Өтірікті кейде не үшін айтамын деп ойланамын. Көп әңгіме болмас үшін, дауға ұласпас үшін, бәзбір адамдар туралы шын ойыңды бүркіп қалып, жақаурата салу, жек көріп тұрсаң да өтірік күлумен ғана құтылып кету, кейде шындықтан да мықты құтқарушы ма деп қалам?
Өтірікті жақсы көрмеймін, бірақ шындықты сүйем деп те жалған айта алмаймын. Егер мен шынымды айтар болсам, ох, біраз адамдардың жүрегі айнып, өмір бойы бетімді көрмей кетуі мүмкін. Адам мен Алла тұрмақ, өз шынымды өзіме жайып салуға қорқамын. Сөйтемін де, жылы жауып қоюға тырысамын. Өзіңді жайып салу шарт емес, күштеп тұрған да ешкім жоқ. Бірақ, сол бірнәрсе мазалайды да тұрады. Сол кезде сенің қасыңнан шындық көкең емес, өтірікпен орап қойған сыртқы бейнең келеді. Кім жәрдемдесті? Тағы да сол, өтірік қол ұшын созған.
Шындық сені көп жағдайда абыройлы ете бермейді. Иә, небір күнә жасаған екенсің, жариялама. Айтуға, ақталуға міндетті емессің. Шындық та құтқара алмайды. Өтемі – жазасын алу немесе сол жазаны күту.
Он жасқа дейінгі өтірік кешірімді шығар. Ал жиырма жасқа дейінгі айтқан өтіріктеріңіз ақтап алуға келе ме? Оны қойшы, отыздан асқан шақта қатталып жиналған өтірік-архивіңіз сізге маза бере ме? Адам жасы ұлғайған сайын өтірікті де шебер, сондай нанымды етіп айтады екен. Әсіресе, өзімнен жиі байқаймын. Мысал келтіре кетейін бе?
Ол: – Қалай жағдайың, көрінбей кеттің? Бәрі дұрыс па?
Мен: – Иә, жақсы, бәрі ойдағыдай.
Сауал берушім досым болсын, дос емесім болсын, «Жақсы» деген өтірікті айтамын көп жағдайда. Себебі, өмір болған соң как раз бір проблемамен басың қатып жүруі мүмкін. Оны дос емес біреу сұрап тұрса өліп кетсең де айтпауың керек. Себебі, ол көп сөзге ұластырып, өсек деген ауылдың шаңын шығаруы мүмкін. Айтатын да, айтпайтын да бір шаруаларыңды шындықпен емес, айналайын сол мыңболғыр өтірігіңмен арашалап аласың.
Жаңа періште емеспін дедім ғой. Кейде менде өсек тыңдағанды, біреулердің өтірігі ашылғанын естігім келеді. Ол көпке танымал шенеунік пе әлде жұлдыз ба болса, тіпті көзім жайнап кетеді. Көзі жоқта талайларды сыртынан сыбап, талайлардың түгін қоймадық. Сол кезде өзімді періште сезінгем жоқ әрине, жүрегім тітіркеніп-ақ кетеді. Ертесіне ол адамның бетіне түк болмағандай күле қарап, амандасатынымды айтсайшы бәрінен бұрын. Ол ол ма, тіпті араласып дастарқанының төрінен бір-ақ шығамын. Сол төрге мені шындық емес, өтірік шығарып тұр емес пе?!
Шындығың сүмірейіп сонау подъездің қалқасында емес, сенің адами болмысыңнан әлдеқашан ысырылып қалып кеткені ойымызға да келмейді. Бірақ, қанша дегенмен шындықтың мінезі сондай нашар, ойламаған жерден шымшып алып, селк еткізеді. Өтіріктің сыңары өткір шындықтың бетіне қарай алмай, ал арпалыс келіп.
Түн баласы жасаған күнәларым маза бермей дөңбекшіп, өтіріктерімді кеше гөр деп Жасағанға жалбарынам. Енді өтірігім сүмірейіп, шындығым үстем құрады. Ойлаймын кейде, шындықтың мекені қараңғыны жамылған Түн бе деп. Ал өтірікке жарық берілген сияқты сайран сал қалағаныңша деп.
Себебі, таң атысымен өтірікпен қалай сәлемдескенімді өзім де аңдамай қалам. Жиырма мен отыз жас аралығында айтқан өтіріктер кішкене жеңілдеу екен. Ал отыздан асқан сайын өтірігіңе де отыз келі қосылып кете ме білмедім, салмағын ауырсынатын болыппын. Қоғам да, адам да, билік те, саясат та мені өтірік айтуға мәжбүрлеп отыр, анау кінәлі, мынау кінәлі, әлемдік өркениет кінәлі, жылдамдық кінәлі, ақпараттың көптігі кінәлі, солардың кірі жұқпай қоймайды деп, тағы да сол айналайын өтірікпен бір жұбанып аламын.
Өтірік маған не берді? Ештеңе. Тек күнделікті маскамның шешіліп қалмауына септігі тисе болды.
Ал шындық не берді? Бұл кішкене болсын адамдықты ұмытпауды, жүрегіме үңіліп кірден тазалап тұруды үйретті.
Өтірікті тәтті деп жатады. Өз басым тәттілігін сезініп көрмеппін. Тек сытылып шығуға ғана көмектесетінін мойындаймын. Ал шындықтың ащы дәмін өзімше татып жүрмін.
Бірақ, өтірікті де өмірімнен мүлде алып тастай алмайды екенмін. Керектігін ұқтым. Жанға біткен жара сияқты өмірімнің соңына дейін мазалап өтетінін байғұс жүрегім сезіп тұр. Хотя бы сөз соңында өтірік мүләйімсімей-ақ қояйын, шындықтың да өтіріктің бар болғаны үшін өте әдемі көрінетін жалған кейпі бар.
Шындықтың өтірікке, өтіріктің шындыққа айналатынын дәл мына бүгін 9 қаңтар күні түсінген сияқтымын. Бұған дейін не ойлап келгенімді өзім де білмеймін.
9. 01. 2015 жыл